
Ш.Уәлиханов ескерткіші 1969 жылы Алматы қаласында ҚР ҰҒА бас ғимаратының қасбеті алдындағы алаңда ашылды. Мүсіншісі –Х.Наурызбаев, архитекторы –Ш.Ы.Уәлиханов (Қазақ КСРО-і Мемлекеттік сыйлығы,1970 ж.). Биіктігі 8 м мүсін қоладан құйылып, тұғыры жалтырата өңделген қара түсті габбро тасынан жасалған.
Тұғырға Шоқан Уәлихановтың сөзінен үзінді, ол салған суреттен көшірме және қазақтың ұлттық ою-өрнегі шекіп түсірілген. Ескерткіштің қос қапталы өрнекті тас тақталармен безендіріліп, қарсы алдындағы симметриялы композиция “су-айнамен” толықтырылған. Уәлиханов ескерткішінің алдыңғы екі бүйіріне (алты-алтыдан он екі) шағын габбро сандықтастары қойылған. Ескерткіш-мүсіннен гуманист ғалымның өз халқының келешек тағдырына деген терең толғанысы аңғарылады. Уәлихановтың бейне-мүсінінде тұлғаланған тұрысы жинақы, қарапайым әрі табиғи. Ол ой үстінде, эполетті әскери киімде мүсінделген. Сол қолын иегіне жақындатып, кітап ұстаған екінші қолын төмен түсіріп тұр. Көркем бейненің сезімдік әсер күші пластикалық пошымның нақтылығы арқылы ашыла түскен.