A   A   A
Медеу ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Әкімге сұрақ
Cұрақ қою
Жаңалықтар мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
30 31 1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31 1 2
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

Ескерткіштер – ел тарихы

Ескерткіштер – ел тарихы

«Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой парасаты», – деп Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев атап өткендей, ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер кеңесі ассамблеясы бекіткен 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні 1984 жылдан бері аталып келеді. Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш ұлттық құндылықтар қатарына енгізілген. Соның ішінде еліміздің біртуар азаматы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ескерткіштері – бір төбе.

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №32 кітапханасының Алматы қаласының Мәдениет және архивтер басқармасы қолдауымен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елу жыл Ел ағасы атанған қазақтың біртуар ұлы тұлғасы Д.А. Қонаевтың ескерткішіне арналған «Ескерткіштер – ел тарихы» атты мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Осы іс-шараны өткізуге Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы бастығының орынбасары Данияр Абзалиденұлы Алиев, Медеу ауданы әкімшілігі Мәдениет бөлімінің бастығы Сәкен Жаппарұлы Аралбаев, Ы.Алтынсарин атындағы № 159 гимназияның директоры Эльмира Исебайқызы Бидайбековалар ерекше ілтипатпен қолдау көрсетті.

Д.А. Қонаевтың өзі тұрған мұражай-үйіне және мұражайына тегін экскурсия ұйымдастырған мұражайдың директоры Елена Иватқызы Кубашева мен аға ғылыми қызметкері Нұрила Сергейқызы Жүсіпбаеваға алғысымыз шексіз.

Ұлы тұлғаның ескерткішін дәріптеу Ы. Алтынсарин атындағы № 159 гимназияның оқушылары ескерткіштің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етуден және Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының 1-курс студенті Сәулетбай Бақтыбаевтың Д.А. Қонаев рухына бағышталған арнау орындауынан басталды.

Алғаш сөз кезегін Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасының маманы Мағжан Саматұлы, Медеу ауданы әкімшілігі Мәдениет бөлімінің маманы Айдар Айдарбеков бүгінгі ескерткіш күнімен келген жұртшылықты құттықтап, Алматы қаласындағы мәдени мұрамыздын құндылықтарын кең ауқымда аталып өтетінін,ескерткіштерді қорғау, қолдау біздің басты міңдетіміз екенін айрықша тоқталып өтті.

№ 32 кітапхананың тұрақты оқырмандары: Халықаралық «Алаш» және «Астана – Бәйтерек» сыйлықтарының лауреаты, «Үркер» журналының бас редакторы, жазушы Қуандық Түменбай, белгілі геолог ғалымдар, мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәдуақас Құрманов, Алихан Ермекбаев, Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Ұлжалғас Мұхамеджанқызы Жолдыбаева ұлылардың өнегесі – үлкен мектеп дей келе, Д.А. Қонаевтың еңбек жолынан мағлұмат берді. Жазушы Қуандық Түменбай:

Димаш аға, аяулы ағатайым,

Сағынды ғой өзіңді балақайың.

Алтын нұрдан жасалған асылым-ай,

Қазағымның өзіндей қарапайым, – деген өлең жолдарын тебірене айтып, жарты ғасырға жуық ел басшысы болған, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне орасан зор еңбек сіңірген Ұлы тұлғамен үш рет кездесіп, әңгіме-дүкен құрғанын тілге тиек етіп, жас жеткіншектерді Димаш атаның өмірінен, еңбегінен өнеге алуға, оның артына қалдырған мол мұрасын бағалауға шақырды. Өзінің де осы кітапханаға күнде бір соғып, кітап-газет оқуды дағдыға айналдырғанын айта келіп, жастарды көп кітап оқуға шақырды.

Тарихшы-ұстаз Ұлжалғас Мұхамеджанқызы да жүз жылда бір туатын, жеке басы үшін емес, халық үшін өмір сүрген тұлға Дінмұхамед Ахметұлының ізгі жасампаздығын атап өтті.

Бізбен үнемі байланыста жүретін тұрақты серіктесіміз, жас ұрпақты отансүйгіштікке, рухани адамгершілікке тәрбиелеу бағытында көш басында жүрген білім ордасы – Ы.Алтынсарин атындағы № 159 гимназияның тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Ш.Б. Кисимбетова, ұстаздары Г.Р. Кенжебекова, А.Н. Байсекина, А.Б. Жарасовалардың жетекшілігімен оқушылар осы іс-шараға белсенді қатысып, өнерлерін көрсетті, атап айтсақ: 6 «А» сыныбының оқушысы Нұрсұлтан Әбдіқадыров Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін шертсе, қыздар «Дайдидау» биін орындады, 6 «Ә» сыныбынан Исеналиева Аружан сазсырнай аспабында «Балқадиша» әуенін тамылжыта ойнады, ал 7 «Ә» сыныбы оқушылары Түсіпбекова Мүнара мен Қапаш Айдана Димаш атамызға арналған өлеңдерді оқып берсе, 7 «Б» сынып оқушысы Түзелбай Айбек «Қазақстаным, алға!» әнін шырқады.

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдістеме бөлімінің маманы Купцова Ольга Ивановна өзінің Ресейден көшіп келгенін, осы Қазақстан халқының өз тарихын, тарихи тұлғаларын дәріптеп, халықтың мәдени мұрасын көзінің қарашығындай сақтауы басқа елдер қызығатын әрі келешек ұрпаққа мол тағылым беретін игі істердің бірі болып табылатынын атап өтті.

№ 32 кітапхана қызметкері Алтын Аубакирова Ескерткіштер мен тарихи орындар күнін атап өту тарихына қысқаша тоқталып, Д.А. Қонаевтың ескерткіш-бюсті 1978 жылы орнатылғанын, ол кісінің өндіріс пен өнеркәсіп, білім-ғылым саласындағы, Қазақстанды гүлдендіру жолындағы қажырлы еңбегінің арқасында тарих бетінде ерекше із қалдырғанын, осы кісінің бастамашылығымен тұрғызылған Қазақ циркі, Ұлттық кітапхана, Республикалық оқушылар сарайы, «Медеу» спорт кешені және тағы басқа көптеген нысандардың бүгінде тарихи ескерткіштер сипатын алып отырғанын атап көрсетті.

Осы мәдени іс-шараны ұйымдастырушы, үнемі осындай игі істердің басы-қасында жүретін, ҚР Мәдениет қайраткері, № 32 кітапхананың меңгерушісі Айша Баймаханбетқызы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы, қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік болады», – деген сөзін келтіре отырып, іс-шараға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапаттады.

Іс-шараның соңында кітапхананың 81 жастағы қарт оқырманы Сәдуақас Құрманов «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деп, жас жеткіншектерге батасын берді.

                                                                            

                                                       
18.04.2018