A   A   A
Медеу ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Әкімге сұрақ
Cұрақ қою
Жаңалықтар мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
26 27 28 29 30 31 1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 1 2 3 4 5 6
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

Қаһармандық өшпес даңқымыз

Бүгінгі күнде қоғам алдында отансүйгіш ұрпақты тәрбиелеу секілді үлкен маңызды міндет тұр. Мемлекетке дені сау, ерік-жігері мықты, батыл, ақыл-ойы ұшқыр, тәртіпті, сауатты азаматтар қажет. Тек осындай ұрпақпен ғана біз Отанымызды қорғайтын буынды тәрбиелей аламыз. Ол үшін мұндай жастарды мектеп қабырғасынан бастап тәрбиелеу қажет екендігін өмір өзі дәлелдеп отыр.

Осы мақсатта Алматы қаласындағы М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейде 2006 жылдан бері «Жас Ұлан» әскери-патриоттық клубы жұмыс жасайды. Клубтың мақсаты – жастарды өз Отанын және туған халқын мақтан етуге, өткенін біліп, келешегін құруға атсалысуға тәрбиелеу болып табылады. Осы бағытта клуб мүшелері республика бойынша өткен барлық патриоттық іс-шараларға белсене қатысып келеді.

Жарыстарда 1-2-орындарға қол жеткізді. Алғашқы жеңісі Щучинскіде өткен «Алау» жарысында болса, одан кейін Тараз қаласында өткен «Жас Ұлан» сайысында жүлдегер атанып, биылғы жылы Жеңістің 70 жылдығына орай  Арменияда өткен халықаралық білім жиынына Қазақстан атынан қатысуға жолдама алды. Онда да намысты қолдан бермей, 45 марапатқа және медальдарға қол жеткізді. Оның ішінде 30-ы алтын медаль еді. Оқушылардың дайындығының жоғарылығы үшін 2 кубок және «Мәдени серпіліс» кубогын жеңіп алды.

Бұл жиын өте жоғары деңгейде өткізілді. Шараны ел президенті мен қорғаныс министрі ашты. Аталмыш шараға ТМД елдерінің 12 мемлекетінен 25 команда қатысты. Мұнымен қоса жиынға командалары қатысушы елдердің елшілері мен консулдары да өз командаларына жанкүйер болды, әрі шараның маңыздылығына ерекше мән берді. Клуб мүшелері бас жүлдеге қол жеткізіп, еліміздің көкбайрағын биікте желбіретіп қайтты.

М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің «ЖасҰлан» патриоттық клубының мүшелері – әскери тәртіпке де, ақыл-ой ұшқырлығына да әбден шыныққан жалынды жастар. Биылғы жылы Алматы қаласында өткен «Алау-2015» байқауының бас жүлдегері атанды. Республикамызда тұңғыш рет өткізілген «Айбын» әскери-патриоттық шарасына да қатысып, топ жарды.

Клуб жастары әскери шараларға қатысып қана қоймай, қаһарман батыр бабаларымыздың ерлігін жадында ұстап, олардың ерлігін жаңғыртуда белсенділік танытып жүр. 2012 жылдың маусым айында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қорының қолдауымен клубтың 5 үздік мүшесі екі ұстаздың жетекшілігі мен шығыстың қос шынары атанған батыр қыздары Әлия мен Мәншүктің ерлік көрсеткен жерлеріне өлкелік-іздестіру экспедициясын жасап қайтты. Ресей Федерациясының Невель қаласындағы Мәншүктің ерлікпен қаза тапқан жерінде болып, рухына тағзым етті. Мәншүктің мұражайында болып, қалалық өлкетану клубының мүшелері мен кездесіп қайтты. Тұңғыш рет М.Мәметованың бейітінің басында 2 сағаттық жауынгерлік даңқ вахтасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Әлияның да ерлік көрсеткен әрі бейіті жатқан Новоскольники қаласында болып, рухына тағзым етіп қайтты. Клуб мүшелері мектептегі Әскери Даңқ мұражайына батыр қыздардың топырағын және жаңа экспонаттар алып келді. Мәншүктің есімін алған мектеп-лицей оқушылары батыр атына лайықты болуды өздерінің міндеті санайды. Олар аға буынның ерлігін ұмытпай, үнемі жадында ұстап келеді. Соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесіп, оларға құрмет көрсетуде клуб мүшелері белсенділік танытуда. Отанын сүйетін, батыр бабалардың ерлігін жадында ұстайтын азаматтарды тәрбиелеуде мектеп клубының еңбегі зор. Біз алған бағытымыздан таймай, сүйікті Отанымыздың отаншыл ұрпақтарын тәрбиелей береміз.

27.11.2015