A   A   A
Медеу ауданы
әкімінің аппараты
Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі аппаратының интернет-ресурсына қош келдіңіздер!
Әкімге сұрақ
Cұрақ қою
Жаңалықтар мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
30 31 1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 1 2 3
Тұрғындарға арналған ақпарат ТҰРҒЫНДАРҒА АРНАЛҒАН АҚПАРАТ



Медиация туралы заң


Медиация туралы

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы № 401-IV Заңы

"Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 8 ақпандағы № 39-40 (26442); "Казахстанская правда" от 05.02.2011 г., № 42-43 (26463-26464); Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2011 ж., № 2, 27-құжат (2559)

Қолданушылар назарына!

Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшiн РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

РҚАО-ның ескертпесi!

Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 28-баптан қараңыз.

Осы Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, оны жүргiзу қағидаттары мен рәсiмiн, сондай-ақ медиатордың мәртебесiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Медиацияның қолданылу саласы

1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы iстер бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қатынастардан туындайтын даулар (дау-шарлар), егер медиация рәсiмiне қатыспайтын үшiншi тұлғалардың және сот әрекетке қабiлетсiз деп таныған адамдардың мүдделерiн қозғаған немесе қозғауы мүмкiн болған жағдайда, мұндай дауларға (дау-шарларға) медиация рәсiмi қолданылмайды.

3. Тараптардың бiрi мемлекеттiк орган болып табылатын кезде, жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларға (дау-шарларға) медиация рәсiмi қолданылмайды.

4. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы өзге де қылмыстар туралы қылмыстық iстер бойынша медиация рәсiмi қолданылмайды.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiм - тараптардың медиация нәтижесiнде өздерi қол жеткiзген жазбаша келiсiмi;

2) медиатор - осы Заңның талаптарына сәйкес кәсiби және кәсiби емес негiзде медиация жүргiзу үшiн тараптар тартатын тәуелсiз жеке тұлға;

3) медиаторлар қауымдастығы (одағы) - медиаторлар ұйымдарының қызметiн үйлестiру мақсатында, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн құрылатын ұйым;

4) медиаторлар ұйымдары - медиаторлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн медиацияны дамыту жөнiндегi ортақ мақсаттарға қол жеткiзуi үшiн олардың ерiктi негiзде бiрiгуi үшiн құрылатын коммерциялық емес ұйымдар;

5) медиация - тараптардың ерiктi келiсiмi бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешiмге қол жеткiзуi мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуiмен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсiмi;

6) медиация тараптары - медиация рәсiмiне қатысатын, осы Заңның 1-бабының1-тармағында аталған қатынастар субъектiлерi;

7) медиация туралы шарт - тараптардың медиация басталғанға дейiн дауды (дау-шарды) шешу мақсатында медиатормен жасасатын жазбаша келiсiмi;

8) медиацияға қатысушылар - медиатор және медиация тараптары.

3-бап. Медиацияның мақсаттары

Медиацияның мақсаттары мыналар болып табылады:

1) дауды (дау-шарды) шешудiң медиацияның екi тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткiзу;

2) тараптардың дауласушылық деңгейiн төмендету.

4-бап. Медиацияны жүргiзу қағидаттары

Медиация мынадай қағидаттар негiзiнде жүргiзiледi:

1) ерiктiлiк;

2) медиация тараптарының тең құқылығы;

3) медиатордың тәуелсiздiгi мен бейтараптылығы;

4) медиация рәсiмiне араласуға жол бермеушiлiк;

5) құпиялық.

5-бап. Ерiктiлiк

1. Тараптардың медиация туралы шартта көрсетiлген өзара ерiктi ниет бiлдiруi медиация рәсiмiне қатысудың шарты болып табылады.

2. Медиация тараптары оның кез келген сатысында медиациядан бас тартуға құқылы.

3. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерiнiң материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерiн ұлғайтуға немесе азайтуға немесе даудан (дау-шардан) бас тартуға құқылы.

4. Тараптар өзара қолайлы келiсiм нұсқаларын талқылау үшiн мәселелердi таңдауда еркiн болады.

6-бап. Медиация тараптарының тең құқылығы

Медиация тараптары медиаторды, медиация рәсiмiн, ондағы өз ұстанымын, оны талап ету тәсiлдерi мен құралдарын таңдау кезiнде, ақпарат алу кезiнде, дау-шарды реттеу туралы келiсiм шарттарының қолайлылығын бағалауда тең құқықтарды пайдаланады және өздерiне тең мiндеттер жүктейдi.

7-бап. Медиатордың тәуелсiздiгi мен бейтараптылығы.

Медиация рәсiмiне араласуға жол бермеушiлiк

1. Медиацияны жүргiзу кезiнде медиатор тараптардан, мемлекеттiк органдардан, өзге де заңды, лауазымды және жеке тұлғалардан тәуелсiз болады. Медиатор осы Заңда жол берушiлiк айқындалатын медиация құралдары мен әдiстерiн таңдауда дербес болады.

2. Медиатор бейтарап болуға, медиацияны екi тараптың мүддесi үшiн жүргiзуге және медиация рәсiмiне тараптардың тең қатысуын қамтамасыз етуге тиiс. Медиатордың бейтараптылығына кедергi келтiретiн жағдайлар болған кезде ол медиацияны жүргiзуден бас тартуға тиiс.

3. Медиацияны жүргiзу кезiнде медиатордың қызметiне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тарапынан араласуына жол берiлмейдi.

8-бап. Құпиялық

1. Медиацияға қатысушылардың өздерiне медиация барысында белгiлi болған мәлiметтердi осы ақпаратты берген медиация тарапының жазбаша рұқсатынсыз жария етуге құқылы емес.

2. Қазақстан Республикасыныңзаңдарында көзделгендерден басқа жағдайларда, медиатордан медиация барысында белгiлi болған мәлiметтер туралы куәгер ретiнде жауап алуға болмайды.

3. Медиацияға қатысушының өзiне медиация барысында белгiлi болған мәлiметтердi осы ақпаратты берген медиация тарапының рұқсатынсыз жария етуi Қазақстан Республикасыныңзаңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

2-тарау. МЕДИАТОРЛАРДЫҢ ЖӘНЕ МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГIЗУДI ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕТIН ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

9-бап. Медиаторларға қойылатын талаптар

1. Тәуелсiз, бейтарап, iстiң нәтижесiне мүдделi емес, медиация тараптарының өзара келiсiмi бойынша таңдалған, медиаторлар тiзiлiмiне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келiсiм берген жеке тұлға медиатор бола алады.

2. Медиатордың қызметi кәсiби негiзде (кәсiпқой медиатор) және кәсiби емес негiзде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкiн.

3. Қырық жасқа толған және кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiнде тұрған тұлғалар медиатор қызметiн кәсiби емес негiзде жүзеге асыра алады.

4. Жоғары бiлiмi бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкiметiайқындайтын тәртiппен бекiтiлетiн медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенiн растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiнде тұрған тұлғалар медиатор қызметiн жүзеге асыра алады.

5. Медиатордың қызметi кәсiпкерлiк қызмет болып табылмайды.

6. Медиатор қызметiн жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметтi де жүзеге асыруға құқылы.

7. Мыналар:

1) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттi және оған теңестiрiлген;

2)заңда белгiленген тәртiппен сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған;

3) оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын;

4)заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.

8. Медиация тараптарының келiсiмiмен медиаторға қойылатын қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.

10-бап. Медиатордың құқықтары мен мiндеттерi

1. Медиатор:

1) медиация барысында бiр мезгiлде барлық тараптармен де, тараптардың жеке-жеке әрқайсысымен де кездесулер өткiзуге және оларға дауды (дау-шарды) шешу жөнiнде ауызша әрi жазбаша ұсынымдар беруге;

2) құпиялылық қағидатын сақтай отырып, өз қызметiн жүзеге асыруы туралы жұртшылықты хабардар етуге құқылы.

2. Медиатор:

1) медиацияны жүргiзген кезде медиация тараптарының келiсiмiмен ғана әрекет етуге;

2) медиация басталғанға дейiн медиация тараптарына оның мақсаттарын, сондай-ақ олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiруге мiндеттi.

3. Кәсiпқой медиатор медиаторлар қауымдастығы (одағы) бекiтетiн Медиаторлардың кәсiптiк этикасы кодексiн сақтауға мiндеттi.

4. Медиатордың Қазақстан Республикасыныңзаңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да мiндеттерi бар.

11-бап. Медиация тараптарының құқықтары мен мiндеттерi

1. Медиация тараптары:

1) медиаторды (медиаторларды) ерiктi түрде таңдауға;

2) медиатордан бас тартуға;

3) медиацияның кез келген сәтiнде оған қатысудан бас тартуға;

4) медиацияны жүргiзуге жеке өзi немесе өкiлеттiктерiзаңда белгiленген тәртiппен ресiмделген сенiмхатқа негiзделген өкiлдерi арқылы қатысуға;

5) дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiмдi орындамаған немесе тиiстi дәрежеде орындамаған кезде сотқа немесе оған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен медиация жүзеге асырылған, iс жүргiзуiнде жатқан қылмыстық процестi жүргiзетiн органға жүгiнуге құқылы.

2. Медиация тараптары дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiмдi осы келiсiмде көзделген тәртiппен және мерзiмде орындауға мiндеттi.

3. Медиация тараптарының Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтары мен басқа да мiндеттерi бар.

12-бап. Медиатордың бас тартуы

1. Медиация тараптары өзара келiсiм бойынша басқа медиаторды таңдауға құқылы.

Азаматтық немесе қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысында медиацияны жүргiзу кезiнде тараптар бұл туралы сотқа не қылмыстық қудалау органына хабарлауға мiндеттi.

2. Медиация қағидаттарына сәйкес медиатордың өз функцияларын жүзеге асыруына кедергi келтiретiн мән-жайлар туындаған жағдайда, медиатор дереу өздiгiнен бас тартуды мәлiмдеуге мiндеттi.

3. Егер медиатордың пiкiрi бойынша медиацияны жүргiзу процесiндегi одан арғы күш-жiгер тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) шеше алмайтын болса, медиатор оны жүргiзуден бас тартуға не тараптардың жазбаша нысанда бекiтiлген келiсiмiмен медиацияны тоқтатуға құқылы.

13-бап. Медиаторлар ұйымдары

1. Медиаторлар ұйымдары медиаторлардың бастамасы бойынша «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан РеспубликасыныңЗаңында көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес, мемлекеттiк емес, өзiн-өзi қаржыландыратын және өзiн-өзi басқаратын ұйым болып табылады.

2. Медиаторлар ұйымы медиаторлардың медиацияны жүргiзу жөнiнде қызметтер көрсетуiнiң материалдық, ұйымдық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

3. Медиаторлар ұйымдары медиация бойынша тиiстi даярлықтан өткенi туралы құжат (сертификат) бере отырып, медиаторларды кәсiби даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды өткiзуге құқылы.

4. Медиаторлар ұйымдары өз қызметiн үйлестiру, медиаторлардың кәсiби қызметiнiң стандарттарын (қағидаларын), медиацияны жүргiзу тәртiбiн (регламентiн), медиация тараптарының медиаторларға сыйақы төлеу тәртiбiн әзiрлеу және бiрiздендiру мақсатында қауымдастыққа (одаққа) бiрiгуге құқылы.

5. Медиаторлар ұйымына немесе медиаторлар қауымдастығына (одағына) кiру ерiктi негiзде жүзеге асырылады. Бұл ретте медиаторлар ұйымының немесе медиаторлар қауымдастығының (одақтың) кiру жарнасын алуына жол берiлмейдi.

6. Медиаторлар қауымдастығы (одағы) Медиаторлардың кәсiптiк этикасы кодексiн әзiрлеуге және оны бекiтуге құқылы.

14-бап. Медиаторлар ұйымдарының кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiн жүргiзуi

1. Әрбiр медиаторлар ұйымы Қазақстан Республикасының аумағында медиацияны жүзеге асыратын кәсiпқой медиаторларының өзiнiң тiзiлiмiн жүргiзедi.

2. Медиаторлар кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiне қосылу үшiн медиаторлар ұйымына жеке куәлiгiнiң көшiрмесiн (салыстырып тексеру үшiн жеке куәлiгiнiң түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған көшiрмесiн); үмiткерге тұрғылықты жерi бойынша наркологиялық көмек көрсететiн медициналық ұйымдардан және психоневрологиялық ұйымнан берiлген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы, жоғары бiлiмi туралы дипломының және медиация бойынша арнайы даярлықтан өткендiгiн растайтын құжаттың (сертификаттың) көшiрмелерiн ұсынуы қажет.

3. Кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмi мыналарды қамтиды:

1) медиатордың тегi, аты және әкесiнiң аты (ол бар болған кезде);

2) медиатордың заңдық мекен-жайы;

3) медиатордың байланыс деректерi (пошта мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмiрi);

4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәлiметтер;

5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тiлi туралы мәлiметтер;

6) медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенiн растайтын құжаттың (сертификаттың) бар екендiгi туралы мәлiметтер;

7) медиатордың қызметiн тоқтата тұру туралы мәлiметтер.

4. Медиаторлар ұйымы медиаторларды осы Заңның осы бабының 3-тармағының және9-бабының талаптарына сәйкес болған жағдайда тиiстi өтiнiштi алған күннен бастап он күн iшiнде хабарлау тәртiбiмен кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiне қосады.

Медиаторды кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiне қоспаған жағдайда медиаторлар ұйымы тиiстi өтiнiштi алған күннен бастап он күн iшiнде бас тарту себептерi туралы жазбаша түрде дәлелдi жауап беруге мiндеттi.

5. Егер тиiстi жылдың 25 желтоқсанына дейiнгi мерзiмде медиатор тiзiлiмде болу мерзiмiн кезектi күнтiзбелiк жылға ұзарту туралы өтiнiш бермесе, медиаторлар күнтiзбелiк жыл аяқталған соң кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiнен шығарылады. Тiзiлiмде болу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiштi электрондық түрде медиаторлар ұйымының электрондық мекен-жайына ұсынуға болады.

6. Кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмi медиаторлар ұйымының интернет-ресурсында қазақ және орыс тiлдерiнде орналастырылуға және оған медиаторларды енгiзу шамасына қарай жаңартылуға тиiс. Медиаторлар ұйымдары мерзiмдi баспасөз басылымдарында кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiн жариялауға құқылы.

7. Медиатор осы Заңның талаптарын бұзған жағдайда медиация рәсiмiне қатысушы тараптар тиiстi өтiнiшпен медиаторлар ұйымына жүгiнуге құқылы. Бұзушылық расталған кезде медиаторлар ұйымы бұл туралы кәсiпқой медиаторлар тiзiлiмiнде көрсете отырып, медиатордың қызметiн алты ай мерзiмге тоқтата тұрады.

8. Медиаторлар ұйымының медиаторды кәсiпқой медиаторлар тiзiмiне енгiзуден бас тарту, одан шығару, оның қызметiн тоқтата тұру туралы шешiмiне сотқа шағымдануына болады.

15-бап. Жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiнiң медиацияны жүргiзуi

1. Өз қызметiн кәсiби емес негiзде жүзеге асыратын медиаторлармен қатар медиацияны жергiлiктi қоғамдастықтың жиналысы (жиыны) осындай мақсатта сайлайтын жергiлiктi қоғамдастықтың өмiрлiк тәжiрибесi мол, абыройлы және мiнсiз беделi бар мүшелерi жүргiзе алады.

2. Жергiлiктi қоғамдастық мүшелерiн кәсiпқой емес медиаторлар ретiнде сайлау туралы жергiлiктi қоғамдастық жиналысының (жиынының) хаттамасы он жұмыс күнi iшiнде осы Заңның 16-бабының2-тармағында көзделген құжаттармен, сондай-ақ 16-бабының3-тармағына сәйкес мәлiметтермен қоса кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiне қосу үшiн уәкiлеттi органға жiберiледi.

16-бап. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмiнiң кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiн жүргiзуi

1. Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының аумағында кәсiби емес негiзде медиацияны жүзеге асыратын кәсiпқой емес медиаторлардың тiзiлiмiн жүргiзедi.

2. Медиацияны кәсiби емес негiзде жүзеге асыратын медиаторлар кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiне қосылу үшiн уәкiлеттi органға жеке куәлiктерiнiң көшiрмелерiн (салыстырып тексеру үшiн жеке куәлiгiнiң түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариат куәландырған көшiрмесiн); үмiткердiң тұрғылықты жерi бойынша наркологиялық көмек көрсететiн медициналық ұйымнан және психоневрологиялық ұйымнан берiлген медициналық анықтамаларды; соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы қоса ұсына отырып жүгiнуге мiндеттi.

3. Кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмi мыналарды қамтиды:

1) медиатордың тегi, аты және әкесiнiң аты (ол бар болған кезде);

2) медиатордың заңдық мекен-жайы;

3) медиатордың байланыс деректерi (пошталық мекен-жайы немесе электрондық поштаның мекен-жайы не телефон немесе телефакс нөмiрi);

4) медиатордың маманданып жүрген медиация саласы туралы мәлiметтер;

5) медиатордың медиацияны жүзеге асыра алатын тiлi туралы мәлiметтер;

6) медиатордың қызметiн тоқтата тұру туралы мәлiметтер.

4. Уәкiлеттi орган медиаторларды осы Заңның осы бабының 2-тармағының және9-бабының талаптарына сәйкес болған жағдайда тиiстi өтiнiштi алған күннен бастап он күн iшiнде хабарлау тәртiбiмен кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiне қосады.

Медиаторды кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiне қоспаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi өтiнiштi алған күннен бастап он күн iшiнде бас тарту себептерi туралы жазбаша түрде дәлелдi жауап беруге мiндеттi.

5. Егер тиiстi жылдың 25 желтоқсанына дейiнгi мерзiмде тiзiлiмде болу мерзiмiн кезектi күнтiзбелiк жылға ұзарту туралы медиаторлардың өтiнiшi ұсынылмаса, медиаторлар күнтiзбелiк жыл аяқталған соң кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiнен шығарылады. Тiзiлiмде болу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiштi электрондық түрде уәкiлеттi органның электрондық мекен-жайына ұсынуға болады.

6. Кәсiпқой емес медиаторлардың тiзiлiмi уәкiлеттi органның интернет-ресурсында не жұртшылық үшiн қолжетiмдi жерлерде қазақ және орыс тiлдерiнде орналастырылуға және оған медиаторлардың енгiзiлуiне қарай жаңартылып отыруға тиiс.

Уәкiлеттi орган мерзiмдi баспасөз басылымдарында кәсiпқой емес медиаторлар тiзiлiмiн жариялауға құқылы.

3-тарау. МЕДИАЦИЯНЫ ЖҮРГIЗУ

17-бап. Медиацияны жүргiзу тәртiбi

1. Медиация осы Заңның талаптарына қайшы келмейтiн тараптар келiскен тәртiп бойынша жүргiзiледi.

2. Медиаторлар ұйымдары бекiткен медиацияны жүргiзу тәртiбi (регламентi) тараптардың келiсiмiмен қолданылуы мүмкiн.

18-бап. Медиацияны жүргiзу орны және уақыты

1. Тараптар өздерiнiң қалауы бойынша медиацияны жүргiзу орны туралы уағдаласа алады.

2. Медиатор медиацияны жүргiзу күнi мен уақытын тараптардың келiсiмiмен айқындайды.

19-бап. Медиацияны жүргiзу тiлi

Тараптар медиацияны жүргiзу барысында пайдаланылатын тiл немесе тiлдер туралы өздерiнiң қалауы бойынша уағдаласа алады.

20-бап. Медиацияны жүргiзу шарттары

1. Медиацияны жүргiзу тараптардың өзара келiсiмi бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.

2. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезiндегi медиация сотқа жүгiнгенге дейiн де, сот талқылауы басталғаннан кейiн де қолданылуы мүмкiн.

3. Судьялардың және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдар лауазымды тұлғаларының тараптарды қандай да болмасын нысанда медиацияға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.

4. Тарапқа медиацияға жүгiнуге ұсынысты басқа тараптың өтiнiшi бойынша, сот немесе қылмыстық қудалау органы жасауы мүмкiн.

5. Медиацияны жүргiзу медиация тараптары медиация туралы шарт жасасқан күннен басталады.

6. Егер тараптардың бiрi медиацияға жүгiну туралы ұсынысты жазбаша түрде жiберсе және оны жiберген күннен бастап он күн iшiнде немесе ұсыныста көрсетiлген өзге де орынды мерзiмде медиация рәсiмiн қолдануға басқа тараптың келiсiмiн алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледi.

7. Медиацияны жүргiзу үшiн тараптар өзара келiсiм бойынша бiр немесе бiрнеше медиаторды таңдайды.

8. Медиаторлар ұйымы, егер тараптар аталған ұйымға тиiстi өтiнiш жiберсе, медиатордың (медиаторлардың) кандидатурасын ұсына алады.

9. Медиацияны өткiзу мерзiмдерi осы Заңның 23-бабы1-тармағының және 24-бабы4-тармағының талаптарын ескере отырып, медиация туралы шартпен айқындалады.

Егер медиация азаматтық не қылмыстық процесс шеңберiнен тыс жүзеге асырылатын болса, медиатор мен тараптар аталған рәсiм күнтiзбелiк алпыс күннен аспайтын мерзiмде тоқтатылуы үшiн барлық ықтимал шараларды қабылдауға тиiс. Айрықша жағдайларда шешiлетiн даудың (дау-шардың) күрделiлiгiне, қосымша ақпаратты немесе құжаттарды алудың қажеттiлiгiне байланысты медиацияны жүргiзу мерзiмi медиация тараптарының уағдаласуы бойынша және медиатор келiскен кезде ұлғайтылуы мүмкiн, бiрақ ол күнтiзбелiк отыз күннен аспайды.

21-бап. Медиация туралы шарттың нысаны мен мазмұны

1. Тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу туралы өзара келiскен жағдайда жазбаша нысанда ресiмделген медиация туралы шарт жасалады.

2. Медиация туралы шарттың маңызды талаптары:

1) медиация туралы шарттың жасалған күнi, уақыты және орны;

2) дау (дау-шар) тараптарының атаулары, өкiлеттiктерi көрсетiлген олардың өкiлдерiнiң тегi және аты-жөнi, лауазымдары;

3) даудың (дау-шардың) нысанасы;

4) медиация тараптары таңдаған медиатор (медиаторлар) туралы мәлiметтер;

5) медиацияны жүргiзуге байланысты шығыстардың, ал медиацияны кәсiби негiзде жүзеге асырған жағдайда - медиацияны жүргiзгенi үшiн медиаторға (медиаторларға) сыйақы төлеудiң шарттары, тәртiбi және мөлшерi;

6) медиацияны жүргiзу тiлi;

7) медиацияны жүргiзудiң құпиялылығы туралы тараптардың мiндеттемесi және мұндай мiндеттеменi орындамаудың салдары;

8) медиация тараптарының дауды (дау-шарды) реттеуге қатысатын медиатордың медиация тараптары үшiн шығын (залал) келтiрген әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн жауапкершiлiгiнiң негiздерi мен көлемi;

9) тараптардың деректемелерi (жеке басын куәландыратын деректер, тұрғылықты жерi, байланыс телефондары);

10) медиацияны жүргiзу мерзiмi;

11) медиацияны жүргiзу тәртiбi болып табылады.

3. Тараптардың келiсiмi бойынша медиаторларға қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.

4. Тараптар медиация тараптарының медиаторға медиация жүргiзгенi үшiн сыйақы төлеу шарттары, тәртiбi және мөлшерi медиаторлар ұйымы бекiткен тәртiппен (регламент) белгiленетiнi туралы уағдаласа алады.

22-бап. Медиацияны жүргiзуге байланысты шығыстар

1. Медиацияны жүргiзуге байланысты шығыстар мыналарды қамтиды:

1) медиаторға сыйақы төлеу;

2) медиацияны жүргiзуге байланысты медиатор шеккен шығыстар, оның iшiнде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, қонақүйде тұруға және тамақтануға арналған шығыстар.

2. Кәсiби медиаторлар медиацияны ақылы да, тегiн негiзде де жүзеге асырады.

3. Кәсiпқой медиатор (медиаторлар) сыйақысының мөлшерi медиация басталғанға дейiн медиатормен (медиаторлармен) тараптардың келiсiмi бойынша айқындалады.

4. Егер тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, медиацияны жүргiзуге байланысты шығыстарды тараптар бiрлесiп тең үлестермен төлейдi.

5. Егер медиатор өзiнiң бейтараптығына кедергi келтiретiн мән-жайларға байланысты медиацияны жүргiзуден бас тартса, ол тараптардың өзiне төлеген ақшалай сомасын қайтаруға мiндеттi.

6. Кәсiпқой емес медиаторларға осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған медиацияны жүргiзуге байланысты өздерi шеккен шығыстар өтеледi.

23-бап. Медиацияның жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастары саласындағы ерекшелiктерi

1. Медиация жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезiнде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмей аяқталуға тиiс. Қажет болған жағдайда тараптардың өзара шешiмi бойынша медиацияны жүргiзу мерзiмi күнтiзбелiк отыз күнге дейiн ұзартылуы мүмкiн, бiрақ жиынтығында ол күнтiзбелiк алпыс күннен аспауға тиiс.

РҚАО-ның ескертпесi!

2-тармаққа өзгерiс енгiзу көзделген - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2. Медиация соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу кезiнде медиация туралы шарт жасалған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмей аяқталуға тиiс. Қажет болған жағдайда тараптардың бiрлескен жазбаша хабарламасы бойынша медиацияны жүргiзу мерзiмiн сот күнтiзбелiк отыз күнге дейiн ұзартуы мүмкiн, бiрақ жиынтығында ол күнтiзбелiк алпыс күннен аспауға тиiс.

3. Соттың қарауында жатқан жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын дауларды реттеу бойынша медиация туралы шарт iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұруға негiз болып табылады.

4. Азаматтық процесс шеңберiнде жүргiзiлген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар iс жүргiзуiнде азаматтық iс жатқан сотқа тез арада:

1) дауды реттеу туралы келiсiмге қол қойылған жағдайда - аталған келiсiмдi;

2) өзге жағдайларда - осы Заңның26-бабында көзделген негiздердi көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жiберуге мiндеттi.

24-бап. Қылмыстық сот iсi барысында жүргiзiлетiн медиацияның ерекшелiктерi

1. Тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұрмайды.

2. Медиацияға қатысу фактiсi медиация тарапы болып табылатын сот iсiн жүргiзуге қатысушының кiнәнi мойындауының дәлелi бола алмайды.

3. Егер медиацияны жүргiзу кезiнде тараптардың бiрi кәмелетке толмаған болып табылса, педагогтiң немесе психологтiң қатысуы мiндеттi.

4. Қылмыстық сот iсiн жүргiзу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгiленгенсотқа дейiнгi жәнесотта iс жүргiзу мерзiмдерiнде жүзеге асырылуға тиiс.

5. Дау-шарды реттеу туралы келiсiмге қол қоюдан бас тарту медиация тарапы болып табылатын сот iсiн жүргiзуге қатысушының жағдайын нашарлата алмайды.

6. Қылмыстық процесс шеңберiнде жүргiзiлген медиация тоқтатылған жағдайда тараптар iс жүргiзуiнде қылмыстық iс жатқан қылмыстық процестi жүргiзетiн органға дереу:

1) дау-шарды реттеу туралы келiсiмге қол қойылған жағдайда - аталған келiсiмдi;

2) өзге жағдайларда - осы Заңның26-бабында көзделген негiздердi көрсете отырып, медиацияны тоқтату туралы жазбаша хабарламаны жiберуге мiндеттi.

25-бап. Медиацияның отбасылық қатынастар саласындағы ерекшелiктерi

1. Некенi жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерiн белгiлеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлi-зайыптылар арасындағы келiспеушiлiктер, сондай-ақ отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келiспеушiлiктер медиация арқылы шешiлуi мүмкiн.

2. Медиацияны жүргiзген кезде медиатор баланың заңды құқықтарын ескеруге тиiс.

3. Егер медиация барысында баланың қалыпты өсуiне және дамуына қауiп төндiретiн немесе төндiруi мүмкiн немесе оның заңды мүдделерiне елеулi залал келтiретiн фактiлер белгiлi болса, медиатор баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi өкiлеттiктi жүзеге асыратын органға жүгiнуге мiндеттi.

26-бап. Медиацияны тоқтату

Медиация:

1) тараптар дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiмге қол қойған жағдайда - мұндай келiсiмге қол қойылған күннен бастап;

2) медиатор дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешу мүмкiндiгiн болдырмайтын мән-жайларды анықтаған жағдайда;

3) тараптар дауды (дау-шарды) медиация арқылы шешудiң мүмкiн еместiгiне байланысты медиациядан жазбаша бас тартқан жағдайда - тараптар жазбаша бас тартуға қол қойған күннен бастап;

4) тараптардың бiреуi медиацияны жалғастырудан жазбаша бас тартқан жағдайда - медиатор жазбаша бас тартуды жiберген күннен бастап;

5) медиацияны жүргiзу мерзiмi аяқталған жағдайда - осы Заңның23 және24-баптарының ережелерiн ескере отырып, ол аяқталған күннен бастап тоқтатылады.

27-бап. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiм

1. Медиацияны жүргiзу кезiнде медиация тараптары қол жеткiзген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiм жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды.

2. Келiсiмде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келiскен келiсiмнiң шарттары, оларды орындау тәсiлдерi мен мерзiмдерi және оларды орындамаудың немесе тиiсiнше орындамаудың салдары қамтылуға тиiс.

3. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiмдi медиация тараптары ерiктi түрде осы келiсiмде көзделген тәртiппен және мерзiмде орындауға тиiс.

4. Азаматтық iстi сотта қарағанға дейiн жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiм тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмiленi бiлдiредi. Мұндай келiсiм орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келiсiмдi бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жауаптылықта болады.

5. Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргiзу кезiнде тараптар қол жеткiзген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келiсiм дереу iс жүргiзуiнде азаматтық iс жатқан судьяға жiберiледi. Дауды реттеу туралы келiсiмдi сот Қазақстан РеспубликасыныңАзаматтық iс жүргiзу кодексiнде көзделген тәртiппен бекiтедi.

РҚАО-ның ескертпесi!

Абзац жаңа редакцияда көзделген - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

Бұл ретте төленген мемлекеттiк баж Қазақстан РеспубликасыныңАзаматтық iс жүргiзу кодексiнде көзделген тәртiппен төлеушiге қайтарылуға тиiс.

6. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргiзу кезiнде тараптар қол жеткiзген дау-шарды реттеу туралы келiсiм жәбiрленушiге келтiрiлген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбiрленушiмен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келiсiмдi бiлдiредi.

7. Аталған келiсiм дереу iс жүргiзуiнде қылмыстық iс жатқан қылмыстық процестi жүргiзетiн органға жiберiледi және Қазақстан РеспубликасыныңҚылмыстық iс жүргiзукодексiнде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкiндiк беретiн мән-жай болып табылады.

8. Дау-шарды реттеу туралы келiсiм оған тараптар қол қойған күнi күшiне енедi.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

28-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының

Президентi Н. Назарбаев